Павлодардағы ірі сауда желісі тауарды 210 теңгеге қымбат сатқаны үшін айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодарлық азамат қаладағы ірі сауда желісінің бірінен сұлы жармасын сатып алған. Тауар сөресінде сұлы жармасының құны 195 теңге деп көрсетілгенімен, кассада тұтынушыға 405 теңгеге чек шығарған. Осылайша, сауда желісінде тауар сөреде көрсетілген бағадан 210 теңгеге қымбат сатылған. Артынша тұрғын Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне шағым қалдырған. Соның негізінде департамент мамандары ірі сауда желісінде жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Жоспардан тыс тексеріс нәтижелері бойынша сауда желісіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР кодексінің 193-бабының 5-бөлігі бойынша 100 АЕК (айыппұл сомасының – 50 пайыз, 369 200 теңге ) мөлшерінде айыппұл салу туралы хаттама жасалды.
"Сауда заңнамасының 24-бабына сәйкес сатушы (дайындаушы) сауда нысанының ішкі және сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасында көрсетілген құнға сәйкес тауарды сатуға міндетті екенін еске саламыз", – деді Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдұшев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз