Кейде дүкенге киім немесе зат қарауға барып, оны алу/алмау жайлы анаңызбен немесе басқа жақын адамыңызбен ақылдасқыңыз келіп, суретке немесе видеоға түсіріп алғыңыз келуі мүмкін. Алайда кей сатушылар сіздің бұл әрекетіңізге қарсы болып, тауарды суретке немесе видеоға түсіруге тыйым салады. Бұл қаншалықты заңды? Бұл сұраққа заңгер Надежда Гельдт Tengri Life-ке жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР-ның "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңына сәйкес заңнамада қарастырылған жағдайларды қоспағанда сатушының (өндіруші, орындаушы) тұтынушылардың суретке немесе видеоға түсіруіне қатысты құқығын шектеуге тыйым салынады.
"Сондықтан сатушы тауарды суретке немесе видеоға түсіруге тыйым салып, ішкі ережелерге сүйене алмайды. Сондай-ақ заң бойынша тұтынушы фото және видеоны тауарды сатып алғанын және қызмет алғанын дәлелдейтін дерек ретінде қолдана алады", - дейді маман.
Қызметті суретке немесе видеоға түсіруге тыйым сала ала ма?
Сіз жұмыстың орындалуын немесе қызметтің көрсетілуін суретке, видеоға түсіре аласыз. Алайда мұндай суреттерде басқа сатып алушы немесе басқа физикалық тұлға болмауы тиіс. Себебі сізде суреттің немесе видеоның таралуына олардан рұқсат жоқ.
Азаматтық кодекске сәйкес басқа адам бар суретті немесе видеоны оның келісімімен ғана жариялауға, басып шығаруға және таратуға болады, ал егер ол қайтыс болған болса, оның балаларының және жұбайының келісімі қажет. Алайда егер түсірілім заң бойынша талап етілсе немесе бейнедегі адамға түскені үшін ақы төленген болса, оның келісімі талап етілмейді.
Оқи отырыңыз: Тойда қонақтарды видеоға түсіріп, тарату заңды ма? Заңгер түсіндірді