Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аталған құжат Парламент депутаттарының бастамасы бойынша әзірленді.
«Егер тауар биржалары ашық және ережелер бойынша жұмыс істесе, экономикада маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Жолдауында биржалық тауарларға ашық баға белгілеуді қалыптастыруды тапсырды. Бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін әзірленді және бірқатар нақты мәселені шешеді», - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Заң жобасының негізгі ұсыныстары келесідей: тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері ретінде алып тастау, стандартты аукционды және стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан шығару, стандартталмаған тауарлармен сауданы электронды сауда алаңдарына ауыстыру, тауар биржалары жұмысының қаржылық тұрақтылығы мен ашықтығына қойылатын талаптарды арттыру, тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылауды кеңейту, биржалық сауда-саттыққа жосықсыз қатысушылардың тізілімін енгізу, брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу, биржалық боттардың қатысуымен жасалатын шарттарды елеусіз деп тану, әлеуметтік тауарлармен сауда жасайтын тауар биржаларына жоғары талаптарды енгізу.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!