Кейде қазақстандықтар дүкендегі кассада тұрып, тауардың бағасы мен чектегі баға сәйкес келмейтін жағдайға тап болады. Мұндай жағдайда сатып алушы тауардың баға белгісінде көрсетілген құны бойынша сатылуын талап етуге құқылы. Бұл туралы заңгер Надежда Гелдт "Право знать" Telegram-арнасында бөлісті, - деп хабарлайды Tengri Life.
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның 24-бабына сәйкес, сатушы тауарды сатуға міндетті, ал тұтынушы тауарды баға белгісінде көрсетілген құны бойынша сатып алуға құқылы", - дейді ол.
Тауардың сөреде көрсетілген құны кассадағы бағадан төмен болса да, бұл жағдайда сатып алушының тауарды баға белгісінде көрсетілген құны бойынша сатып алуға толық құқығы бар.
"Егер сатушы тауарды сөредегі баға бойынша сатудан бас тартса, яғни заңды бұзса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 190-бабы)", - деді сарапшы.
Оның үстіне, мұндай жағдайларда тұтынушы eotinish.kz сервисі арқылы сатушының үстінен шағым түсіре алады.
Еске салайық, бұған дейін Интернет сауда арқылы алған тауар көңілден шықпаса не істеу керегін түсіндірген едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!