Осы аптада Астанада тұрғын үйлер мен аялдамалардың алды қоқысқа толып қалған. Қала тұрғындары осы мәселеге байланысты шағымын айтып жатыр. Massaget.kz тілшісі жауапты ведомствоға жүгініп, бұл мәселенің себебін сұрады.
Әлеуметтік желіде тараған жазбаларда тұрғындар қала үнемі қоқыстан көз ашпайтынын айтады.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Clean city-дің арнайы техникалары күн сайын 86 бағытқа шығады.
"Бағдар санының көптігі бүкіл қаланы қамтуға мүмкіндік береді. Алайда ауа температурасының төмендеуі себепті техниканың бұзылуы да болып тұрады. Мұндайда олқылықтар шұғыл түрде жөнделіп, жұмыстар қайта жалғасады. Тиісінше техника жоспарланған уақыттан сәл кешірек шығады", - деп жауап берді басқарма өкілі.
Олардың сөзінше, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген санитариялық ережелерге сәйкес (58-тармақ - еск.) тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары уақытылы орындалып жатыр.
"Қалдықтарды контейнерлерде 0 градус және одан төмен температурада сақтау мерзімі үш тәуліктен аспайды. Соның ішінде аудандық әкімдіктер де көмектесіп жатыр", - делінген жауапта.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!