- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тау-тасты қойын-қонышына тығып,...
"Тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты" - Мақсат Толықбай Үшқоңыр туралы
Бүгінде ықпалды азаматтар Үшқоңыр тауын "жекешелендіріп", онда қарулы күзет қойған. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мұнда тексеріс жүргізіп, жерді қайтару керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
"Ел аман, жұрт тынышта, "тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты" дегенді естідіңіздер ме? Ендеше айтайын. Бәріңіз Үшқоңыр деген таудың барын білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде.
Алматы облысы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болы отыр", - деді Мақсат Толықбай.
Ол бұл деректі тексеруді ұсынды.
"Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, бұл аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде бұл тау "ДүниеАгро" компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым жерде орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау - барып тұрған бассыздық. Салдарынан Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай, пұшайман күйде отыр", - деді депутат.
Мақсат Толықбай AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы "Жер аманаты" комиссиясы құрғанын еске салды.
"Нәтижесінде еліміз бойынша 9 миллион гектардан аса жер мемлекетке қайтарылды. Оның 1400 гектары осы аймақтан ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен. Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша, жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр", - деді ол.
Депутат "ДүниеАгро" компаниясын тексеру керек деген пікірде.
"Осы ЖШС-ға 2004 жылы Үшқоңыр үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені, заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті, оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. "Қазақстанның заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?" деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?
Сонымен қатар, Үшқоңыр үстіртінде Steppe AgroMeat, Breeding Company сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Жерді шұғыл түрде қайтару керек! Алайда алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес", - деді Мақсат Толықбай.
Ол Алматы облысы Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл түрде назар аударуы қажет деген ұстанымда.
Еске салайық, бұған дейін Үшқоңыр тауын қарулы адамдар күзететін болғаны хабарланды.
Бұл кезде де Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысын Шамалған ауылындағы Үшқоңыр тауы қоршалып тұрған жерге кіре алмаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz