Қазақстан пайдалы қазбаларға бай, сол себепті табиғи ресурстар отандық экономиканың қысқа және орта мерзімді болашағында маңызды рөлге ие. Еліміз уран өндіру бойынша әлемде көш бастап келеді; мұнай қоры бойынша 11-ші орында (2020 жыл), бағалы металл өндіруден 14-ші орында. Бұл сапалы мамандар қажеттілігіне әкеліп соғады. Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі бұл сұранысты өтеуге дайын.
Академиялық салада мектеп АҚШ-тағы Колорадо тау-кен ісі университетімен әріптес. Америкалық оқу орны табиғи ресуртарды меңгеру жөнінен әлемдегі үздік колледжердің қатарында. Ғылыми және оқытушылар құрамы экологиялық қауіпсіз әдістерді пайдалы қазбаларды барлау және өндіру процессінде қолдануды үйретеді. Кафедралар соңғы технологиялармен жабдықталған.
Профессор-оқытушылардан үлгі алып, студенттер халықаралық аренада жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. 2018 жылы мектептің студенттер тобы тау-кен ісіндегі “MINEX Орталық Азия” сайысынан бірінші орын иеленіп келді.
Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі “Тау-кен инжинирингі” мамандығын бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде оқытуды ұсынады. Бакалавр бағдарламасының алғашқы екі жылында студенттер табиғи ресурстарға кіріспе, математика, инженерия негіздері пәндерін оқиды. Келесі екі жыл практикалық зертхана жұмыстары мен кәсіби компьютерлік бағдарламаларды игеруге арналады. Сондай-ақ, оқытушылармен бірге оқу іссапарлары да қарастырылған. Бакалавриаттың соңғы курсында тау-кен инженериясы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейтін дәрежеге жетеді.
«Тау-кен инжинирингі» мамандығы бойынша магистратура мен докторантура бағдарламалары студенттеріне кәсіби саладағы ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен танысып, ғылыми-зерттеу мен конференцияларға қатысу мүмкіндігін ұсынады. Мектепте оқудың артықшылығы – магистранттар мен докторанттар оқуын кәсіби қызығушылықтары мен мақсаттарына қарай бейімдей алады. Бүгінде магистранттар мен докторанттар беделді ғылыми басылымдарда 12 мақала жариялап, халықаралық конференцияларға қатысып үлгерді: MPES 2019 (Аустралия), IRON ORE Conference 2021 (Аустралия), APCOM 2021 (ЮАР), Complex Orebodies Conference 2018 (Аустралия), 25-ші Халықаралық Тау-кен металлургиялық конгресс (Қазақстан).
Мектеп түлектері еңбек нарығында үнемі сұранысқа ие, олардың көпшілігі Қазақстанның жетекші тау-кен өнеркәсіп компаниялары мен кәсіпорындарында, консалтинг фирмаларында жұмыс істейді, стартаптарды дамытуға қатысады.
Магистратура мен докторантура бағдарламаларына онлайн қабылдау басталды. Құжат қабылдау шетелдік студенттер үшін 2022 жылдың 28 ақпанына дейін, қазақстандық талапкерлер үшін 2022 жылдың 18 сәуіріне дейін жалғасады. Мектеп бағдарламалары бойынша толық ақпарат үшін сілтеме арқылы өтіңіз.