- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Татуы бар адам...
Татуы бар адам жұмысқа орналаса алмайтыны рас па?
Ертеде адамдар денелеріне түрлі суретті қандай да бір ру не тайпадан екенін көрсету үшін салған. Кейбірі тату қандай да бір тылсым күштен қорғайды деп ойлаған. Ал бүгінде тату тыртықты жамау үшін немесе ерекшеленудің белгісі ретінде салынады. Алайда қоғамда татуға байланысты түрлі пікір бар. Massaget.kz тілшісі татуға қатысты кей аңыздардың шындыққа жанаспайтынын анықтады.
Татуы бар адамды жұмысқа алмайды
tattoomarket.ru басылымының мәліметінше, бұдан 20 жыл бұрын денесінде татуы бар адамға расында жұмысқа орналасу қиын болған. Алайда қазір көп жұмыс беруші адамның сырт келбетіне қатысты шарт қоймайды, тек тұтынушыларға кедергі келтірмесе болды.
Ал Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексінде қызметкердің өзін қалай ұстауы керегі туралы талаптар белгіленген. Бірақ онда сырт келбетке қатысты қандай да бір шектеу жоқ.
Бұдан басқа, бортсеріктерге татуировка салуға болмайды, ал татуировкасы бар адамдарды жұмысқа алмайды деген де аңыз бар. Massaget.kz тілшісі бұл туралы AirAstana бортсерігімен сұхбаттасты.
"Жоқ, келісімшартта ол туралы ештеңе жазылмаған. Денесінде татуы бар адамды жұмысқа ала береді. Бастысы, қол, тізеден төмен, мойын сияқты көрінетін жерде болмауы керек. Тату мен қан туралы айтар болсам, бортсеріктерге қан тапсыруға болмайды", - деп жауап берді AirAstana бортсерігі.
Демек, тату жұмысқа орналасуға кедергі болмайды. Сондықтан "татуировкасы бар адам жұмысқа орналаса алмайды" деген аңызды жоққа шығаруға болады.
artofpain.ru
Денесінде түрлі татуы бар адам қан тапсыра алмайды
Қоғамда татуировкаларға қатысты тағы бір аңыз тараған. Денесінде түрлі татуы бар адам қан мүлде тапсыра алмайды.
Егер татуировка салғаныңызға бір жылдан асса, онда бұл аңыз шындыққа жанаспайды.
Дәрігерлердің айтуынша, денеге сурет салдырғаннан кейін донор болып қан тапсыру үшін біршама уақыт керек. Ол 4 айдан 1 жылға дейін болуы да мүмкін. Себебі тату салдырғанда қанға инфекция түсу қаупі бар. Мысалы АИТБ (адамның иммун тапшылығы вирусы) дерті ағзада 5-6 ай бойы сезілмеуі мүмкін. Ал С гепатиті 2 аптадан 6 айға дейін созылады. Сондықтан да өзгелер жұқтырмау қаупі алдын ала ескеріледі.
sts.sumy.ua
Татуы бар адамдарға МРТ-ға түсуге болмайды
МРТ магнит өрісінің пайда болуына әсер ететіндіктен, көбіне дәрігерлер науқастардан МРТ тексерінен өтпестен бұрын, барлық металл бұйымды шешуді сұрайды.
Мұндай аңыз татуировкалардың құрамындағы металдың көп болуына қатысты деп айтылып жүр. Бірақ қазір тату салатын сия мен инелерде сынап сияқты металл болмайды. Ал кей заманауи пигменттерде металл жоқтың қасы, сондықтан ол МРТ тексерісінен өту үшін ешқандай кедергі келтірмейді.
2019 жылы Германия институтының зерттеушілері татуировкасы бар 300 еріктіні зерттеп, МРТ түсіру кезінде елеулі қауіп болмағанын анықтады.
freepik.com
Тыртық үстіне тату салу қауіпті
inkppl.com басылымының мәліметінше, қазір көп адам денесіндегі тыртықты татумен жасырғысы келеді. Ал қоғамда тыртық үстіне тату салуға болмайды, бұл жарақаттың асқынуына әсер етуі мүмкін деген түсінік бар.
Тату мастерлерінің айтуынша, тыртық үстіне татуировка салу қауіпті емес. Ол үшін бар болғаны кәсіби тату-суретшілерге жүгіну керек, терідегі тыртықтың толық жазылуын күту керек және тыртық түрін анықтап, оны жабуға жарамды екеніне көз жеткізу керек.
twizz.ru
Тату-студиялар әдетте таза емес
Қоғамда тату-студиялар, әдетте, жертөледе орналасқан және олар мүлде таза емес деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда бұл олай емес. Себебі тату салуға арналған жабдық бірнеше қайтара кварцтеледі. Одан бөлек, ине мен арнайы аппаратты да зарарсыздандырады.
Сондай-ақ, теріні зақымдайтын қандай да бір процедура медициналық деп танылады. Сондықтан тату салондарының қызметі міндетті лицензиялануы тиіс. Ал бұл жағдайда барлық санитария нормасы жүргізілуі керек.
tattoomarket.ru
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек