Астанада есірткі контрабандасы мен оның заңсыз айналымына қатысы бар Қазақстанның екі азаматына сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас көлік прокуратурасы мәліметінше, 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты салынған екі шабадан жеткізген. Ол есірткіні тәттілер ретінде алып өтуге тырысқан.
Заңсыз жүк елорда әуежайына келген бойда анықталып, тәркіленген. Сот оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Екінші істе 39 жастағы ер адам 2024 жылғы көктемде есірткіні халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, Таиландтан Қазақстанға пошта қызметі арқылы жіберу схемасын ұйымдастырған. Бұл партияны алатын үш адам бұған дейін белгіленген мерзімдерге сотталған болатын. Есірткі жіберушіге іздеу жарияланып, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова