Әлеуметтік желіде Алматы облысында болған жантүршігерлік оқиға туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желідегі мәліметке сүйенсек, 29 жастағы ер адам аяусыз өлтірілген.
"Туыстарының сөзінше, әріптестері оны таспен ұрып, тірідей көміп тастаған болуы мүмкін. Сүйек бірнеше күннен кейін табылған", - деп жазылған мәліметте.
Алматы облысы Полиция департаментінің редакцияға берген жауабына сүйенсек, 27 мамырда Ұйғыр аудандық полициясына әйел адам 29 жастағы ұлы жоғалғаны туралы арызбен жүгінген. Ол жұмыс орнына кеткеннен кейін байланысқа шықпай қалған.
Бірден жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылған. Нәтижесінде жоғалған ер адамның сүйегі жұмыс орнына жақын орналасқан демалыс базасы аумағынан табылған.
"Алдын ала мәлімет бойынша ішімдік ішкеннен кейін ер адам мен әріптестері арасында жанжал туындап, салдарынан жәбірленуші дене жарақаттарын алған. Кісі өлтіру және қылмысты жасыру дерегі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті қамауға алынды", - деді полиция.
Үшінші ер адамға қатысты процессуалдық шешім тергеу нәтижесінде қабылданатыны айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова