Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған экспозиция ашылды, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
«Біздің бай тарихымыздың материалдық емес мұрасы терең рухани мағынаға ие және ол ұлттың мәдени құндылықтарының негізі саналады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәдени ескерткіштерді сақтауға ғана емес, сонымен қатар ел аумағында тұратын халықтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруына үлкен көңіл бөліп келеді. 2003 жылы Президенттің тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып осындай ауқымды жобаны жүзеге асырды», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.
Бағдарлама орындалған 8 жылдың ішінде 78 тарихи және мәдени ескерткіштер қайта қалпына келтіріліп, орта ғасырлардағы күй, тарихи әуендер сияқты қазақ музыкасы терең зерттелді. «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» қазақ дәстүрлі әндерінің антологиясы шықты. Қазіргі уақытта еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған «Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мәселесі қарастырылуда.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның басты жетістігі – ЮНЕСКО-мен достық қарым-қатынасты орнату және нығайту болып саналады. Халықаралық ұйыммен ынтымақтастық аясында материалдық емес мәдени мұраларды қорғау саласында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Ұлттық комитет құрылды, адамзаттың репрезентативтік тізіміне алғашқы қазақстандық ұсынымдар әзірленіп, ұлттық тізім бекітілді.
Оның нәтижесінде 2014-2015 жылдары бүкіл әлемдік адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақтың киіз үйі, айтыс және күй өнері енгізілді.
Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне Қазақстанның «Наурыз» көпұлтты номинациясы, «Саят құстармен аң аулау» көпұлтты номинациясы, «Жұқа нанды дайындау дәстүрі: лаваш, қатырма, жұпқа, юфка» және «Қазақ күресі» ұлттық номинациялары енді.
«Қазақтың қасиетті киіз үйі», «Суырып салма айтысы» мен «Күмбірлеген киелі күйі». Ендігі жерде бұл қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасы саналады. Оған куә – бүгін мұражайға тапсырылып отырған ЮНЕСКО-ның арнайы сертификаттары. Сөз жоқ, бұл енді бірнеше күннен соң бүкіл ел болып атап өтетін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту әрі лайықты үлес деп білемін», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.
Осыдан кейін, вице-премьер ЮНЕСКО сертификаттарын этнографиялық залға үнемі қою үшін Ұлттық музей директоры Д. Мыңбайға салтанатты түрде тапсырды.
Экспозицияның ашылуында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері, күйші Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, сонымен қатар, айтыскер ақындар Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазы қатысып, сөз сөйледі.
Сонымен бірге, еліміз 2017 жылы ЮНЕСКО-ның аталған тізіміне «Асық ұлттық ойыны» номинациясын енгізуді және «Қорқыт мұралары» көпұлттық номинациясын үйлестіруді жоспарлап отыр.
ЮНЕСКО-ның тізіміне мұраларды тіркеу Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын елімізде және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға, сондай-ақ оларды қорғау бойынша ұлттық деңгейде жүйелі шаралар қабылдауға ықпал етеді.