Елімізде тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға арналған баспананың құрылысы онлайн бақыланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның ахуалдық орталығында тұрғын үйлерді қалпына келтіру шаралары жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары қатысты
Вице-министр тасқыннан зардап шеккендерге арналған баспананың құрылысын онлайн режимде Bitrix цифрлық платформасы арқылы бақыланатынын атап өтті. Құрылыс алаңдарында бейнебақылау камералары орнатылады.
"Тұрғын үйлерді салу және жөндеу барысында сапаға ерекше назар аудару қажет", – деді Қуандық Қажкенов.
Айта кетейік, бүгінде тасқыннан бүлінген үйлерді жөндеуге және қалпына келтіру үшін 677 отбасына өтемақы төленді, ал 257 отбасыға жаңа үй мен пәтер берілді.
Бұдан бөлек Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 814 үйдің құрылысы басталды.
20 мамыр сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша елімізде 61 352 адам өз үйіне оралды.
"5 452 адам эвакуациялау пункттерінде орналастырылды. 11 319 тұрғын үй мен 3 593 ауладан су бұрылып сорылды. 22,9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. Тасқынға қарсы 7,9 млн қапшық пен 1,5 млн тоннадан аса инертті материал төселді", - деп жазылған ТЖМ таратқан хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!