Тасқыннан соң салынған үйлерге 2 жыл кепілдік беріледі – министр

Елімізде табиғи апаттан соң салынған үйлерге 2 жыл кепілдік беріледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Су тасқынынан соң салынған шамамен 2600 үйдің басым бөлігі жер үйлер. Бүгінде осындай ғимаратты салған мердігер үйге кепілдік береді. 2 жылдың ішінде осы үйге бірдеңе болса, мердігер оны жөндеуге міндетті. Осылайша, әр үйге 2 жыл кепілдік береміз", – деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Бұған дейін министр үкімет отырысында биыл 10 өңірде су тасқыны болғанын айтқан еді. Салдарынан 224 елді мекен су астында қалып, 17 603 тұрғын үй бүлінген.

Барлық зардап шеккен ғимаратқа техникалық тексеру жүргізілді.

"Тексеру қорытындысы бойынша 9 156 үй жөнделді, ал 8 447 үй қалпына келтіруге жатпады. Нәтижесінде, нарықтан 5 767 үй мен пәтер сатып алынды. 2 680 жаңа үйдің құрылысы басталды. Жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау барысында оларды келешекте су басудан шектеу үшін жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілді. Бүгінде 2 576 үйдің құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстары мамырдың соңында басталып, 4 ай ішінде аяқталды", – деген еді Қанат Шарлапаев.

Журналист: "Тасқыннан кейін салынған 2500-ден астам үйлерге қанша мерзімге кепілдік бересіз. 4-5 жылдан кейін бұл үйлер бұзылып жатса, кім жауап береді?"

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев: "Өте орынды сұрақ. Әрине, кепілдік береміз. Мысалы, шамамен 2600 үйдің басым бөлігі жер үйлер. Қазір осындай ғимаратты салған мердігер үйге кепілдік береді. 2 жылдың ішінде осы үйге бірдеңе болса, мердігер оны жөндеуге міндетті болады. Әр үйге 2 жыл кепілдік береміз". 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!