Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова еліміздегі су тасқынынан соң қауіпті аурулар тарайды деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай халық арасында "табиғи апаттан кейін жұқпалы аурулар тарайды" деген қауіп барын ашық айтты.
"Бүгінде су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар. Экологтар мен дәрігерлер тасқын су сібір жарасын жұқтырған малдар көмілген жерлерді де ашып тастайды деген қауіпті жасырмайды. Қарғын су кезінде кеміргіштер түрлі гепатит, тырысқақ, сүзек және тағы басқа қауіпті аурулардың қоздыршығы болатыны белгілі. Ресейдегі жағдай да осындай болып тұр... ", - деді депутат.
Министрдің орынбасары бүгінде жағдай тұрақты екенін жеткізді.
"Қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ су тасқыны басталғаннан кейін біз Ресейдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігермен байланыс орнаттық. 2-3 күн сайын онымен осы эпидемиологиялық жағдай туралы және судың қауіпсіздігі, судың зерттеу нәтижесі бойынша және профилактикалық эпидемиологиялық шаралар туралы пікір алмасамыз", - деді Айжан Есмағамбетова.
Басшы өңірлерде жұқпалы аурулар тарамас үшін қандай жұмыс істеліп жатқанын айтты.
"Тасқын басталғаннан кейін Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтілген режимге ауысты. Су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу үшін судың қауіпсіздігі, сумен қамтамасыз етуге бақылау күшейді. Осы күнде 10 мыңнан аса судың зерттеуі жүргізілді. Нәтижесінде су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен екені анықталды", - деді вице-министр.
Ол еліміздегі барлық эвакуациялық пункте мамандары тәулік бойы еңбек етіп жатқанын, судан сынама алынатынын атап өтті.
"Бүгінде судың астында 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар объекті қалды. Оларға күн сайын мониторинг жүргізіледі. Су кеткеннен кейін эпидемиологиялық маңызы бар объектілерде дезинфекциялық жұмысы жүргізілуде. Бүгінде 4 мыңнан аса объектіде дезинфекциялау жүргізілді. Оған Қорғаныс министрлігінің мамандары көмектесіп жатыр", - деді министрдің орынбасары.
Айжан Есмағамбетова Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында мал көмілген 12 нысанды су басқанын жеткізді. Мұндағы малдар қауіпті ауруды жұқтырған.
"Су кеткен жерлерде ветеринарлармен бірге тиісті жұмыс жүргізілуде. Топырақтан сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесінде потогенді микроағзалар анықталмады. Бірақ осыған қарамастан сібір жарасы және басқа аурулары бар мал көмілген орындарға дезинфекция жасалды. Солтүстік Қазақстан облысында сібір жарасын жұқтырған мал көмілген орындарды әлі де су басып тұр. Бұл жерлер зерттелді. Олардан потогенді микроағзалар анықталмады. Су тартылғаннан кейін ағы да осындай жұмыс жүргізіледі", - деді вице-министр.
Бұған дейін АШМ тасқыннан 8,2 мың бас мал қырылғанын хабарлаған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!