ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Қазақстанда су тасқынынан шамамен 100 мың адам эвакуацияланғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"12 сәуір сағат 10.00-дегі ақпарат бойынша азаматтық қорғау қызметі су тасқынынан 99 869 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның – 36 мың бала. Уақытша орналастыру пунктерінде 6586 адам бар. Оның – 3197 бала", - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-да өткен брифингте.
Ол бүгінде өңірлерде 9 миллион текше метр еріген қар су сорылып шығарылғанын, тасқынға қарсы 1 миллион 600 мың қапшық, 1 миллион 200 мың тонна инертті материал төсілгенін атап өтті.
"Авариялық-құтқару жұмыстарына 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырды. Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 563 жеке тұрғын үй, 563 аула және 1 778 саяжай су астында қалды, 3 мың 52 үй мен 1 935 ауладан су бұрылды. 8 өңірде яғни Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті деңгейдегі 34 төтенше жағдай жарияланды", - деді ол.
Ерасыл Сайпаш қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
"ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз шықпауға шақырады", - деді Ерасыл Сайпаш.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!