Қар ери бастағаннан-ақ Ақмола облысының 128 елді мекеніне көктемгі су басу қаупі төнген. Тасқын судан қорғау жоспары орындалуы барысында қауіп деңгейі 113 елдімекенге дейін төмендеген. Қазір 15 елді мекенді қарғын су басуы мүмкін. Өңірдің төтенше жағдай қызметі өкілдері әзірге гидрометерология жағдайы тұрақты екенін айтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыста қазір Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан және Шортанды аудандары су басу қаупі жоғары аймақтар қатарына кірген.
Оған басты себеп - өңірдегі гидротехника құрылыстарының көпшілігінің тозығы жетіп, бірталайы апат жағдайына ұшырауы. Бұл да көктемгі су тасқыны кезіндегі қиындықтарды еселей түскен. Облыс аумағында 90 гидротехника құрылымының барлығы Кеңес заманынан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Жүргізілген тексерістер нәтижесінде Бұланды ауданындағы Иванковская, Шортанды ауданындағы Основная, Бурабай ауданындағы Веденовка гидротехника бөгендері апат жағдайына жеткені анықталған. Оған қоса мамандар өңірдегі тағы 18 гидротехника құрылымының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде емес екенін мәлімдеді. Ол тасқын судың күшіне төтеп бере алмауы әбден мүмкін екен. Апат жағдайындағы үш бірдей ірі гидротехника құрылысының маңындағы ауылдарда 6500-ға жуық адам тұрады.
Облыстың төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, жыл өткен сайын су тасқынына дайындық мақсатындағы шараларды қаржыландыруға көңіл бөлініп келеді. Облыс елді мекендерінен қар шығару жұмыстарына жұмсалатын қаражат 36 пайызға өсіп, биыл 1 миллиард 341 миллион теңге бөлінген.
"Былтырғы жазда 65 елді мекендегі су өткізу құрылыстары мен каналардарын, өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Үйінділер мен бөгендерді нығайту шаралары жасалды. 10-15 наурызға дейінгі аралықта 15 өзенде мұздарды әлсірету үшін жарылыс ұйымдастырылды. Алдағы он күндікте су тасқыны қаупі бар елді мекендерде аэровизуал тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында төтенше жағдайға азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдары, яғни 2524 адам, 1124 арнайы техника, 258 мотопомпа және 48 жүзу құралды толық дайындыққа келтірілді. Облыс әкімдігі мен ТЖД комиссиясы олардың су тасқынына дайындығын тексеру үшін су басу қаупі жоғары аудандарға (Астрахан, Аршалы, Целиноград, Атбасар, Сандықтау аудандары) баруды жоспарлап отыр", - дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.
Ведомство мәліметінше, төтенше жағдайға дайындық мақсатында қосымша 60 адамнан тұратын 5510 әскери бөлімінің күштері мен құралдарын топтастыру көзделген. Сондай-ақ, ТЖМ бұйрығына сәйкес, М.Ғабдуллин атындағы ҚР ТЖМ академиясының 11 қызметкері мен күндізгі оқу факультетінің 50 курсанты, 5 техникадан тұратын жиынтық жасақ құрылған. Көкшетау қаласының әуежайында тұрақты дайындық режимінде "Қазавиақұтқару" АҚ Ми-171 тікұшағы орналасқан. Зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында Щучинск қаласының базасында шатырлар, жылыту пештері мен төсек-орын жабдықтары дайындалған.
Су тасқынының алдын алу мақсатында жоспарлы шаралар жасалып жатқанымен, бірнеше елді мекенде әлі күнге омбы қардың сіресіп жатуы жергілікті билік тарапынан жұмыстың әлі толық дейгейде жасалып жатпағанын көрсетеді.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!