Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл тасқын болған өңірлерде түлектер ҰБТ-ны қалай тапсыратынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Биыл талапкерлерге ҰБТ тапсыруға 5 рет мүмкіндік береміз. Олар қаңтар мен наурызда ақылы түрде білімін тексере алады. 2 негізгі ҰБТ – мамыр, маусым, шілде айларында. Соңғы бесінші мүмкіндік тамызда болады. Бұл ақылы түрде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді", - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.
Оның айутынша, 16 мамырдан 5 шілдеге дейін 14 өңірде ҰБТ тапсыру басталды. Тестіні тапсыруға 2 мүмкіндік берілді. Тасқыннан зардап шеккен 6 өңірде (ҰБТ-ны) 25 мамырдан 12 шілдеге дейін созылған. 5 күнде 12 мыңнан аса талапкер тестілеуден өткен.
Төтенше жағдай, бұзақылық болмаған. Тасқыннан зардап шеккен 6 өңірдің талапкеріне 3 негізгі шара қолданылған.
"Біріншіден, сол өңірдегі балаларға көп уақыт беру үшін олардың тестілеу мерзімі шегерілді: 1 маусымнан 12 шілдеге дейін. Балаларға 47 күн беріп отырмыз. Екіншіден, биыл мемлекеттік тапсырыстың 20 пайызы, яғни 12 мың грантты бөлек сол зардап шеккен өңірлерге бөліп отырмыз.
Үшіншіден, биыл негізгі ҰБТ-ны 6 өңірде тапсырған балалар төмен бал алып қалса, қаңтар және наурызда алған ҰБТ балдарын қолдануға мүмкіндік береміз. Ерекше жағдайды ескеріп, тек биыл осындай шешім қабылдап отырмыз. Яғни (тасқыннан) зардап шеккен өңірлердегі балаларға министрлік тарапынан толық қолдау бар", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның үш өңірінде оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылғанын хабарлаған едік. Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім алушылары бар. Олардың қорытынды бағасы жылдық бағалары негізінде шығарылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!