Тасқала ауданында 26 отбасы баспаналы болды

Тасқала ауданында 26 отбасы баспаналы болды
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында Тасқала ауданында жалғыз үйі апатты деп танылған 26 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, аудан басшылығы мен тұрғындар қатысты.

 

Биыл жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамту тетіктері заңнамалық тұрғыда реттеліп, "Реновация" бағдарламасына тиісті толықтырулар енгізілді. Тасқала ауданында осы санат бойынша 33 тұрғын кезекте тұр. Бүгін олардың 79 пайызы көпқабатты үйдегі жаңа пәтерлерге орналасты. Тұрғын үй ауласы абаттандырылған. Балалар ойын алаңы жасақталып, көгалдандыру шаралары жүргізілген.

Аймақ басшысының орынбасары жаңа қоныс иелеріне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің мерекелік құттықтауын жеткізді. Мирас Мүлкәй халықты баспанамен қамту мемлекет саясатының басым бағыты екенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер жүктеді. Соның бірі — ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысын жандандыру. Биылдан бастап жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамтуға ерекше назар аударылды. Осы санаттағы отбасыларға Орал қаласын айтпағанда, Жаңақала, Сырым аудандарында жаңа пәтерлер берілді. Бұл жұмыс жалғасады. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, бақ-берекелі болғай!" - деді Мирас Мүлкәй.

 

Ауыл тұрғындары мемлекет қолдауы үшін зор ризашылығын білдіріп, құрылыстың басы-қасында болған азаматтарға алғыс айтты.

Суреттер: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, 2023 жылдан бері өңірде 7 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Оның 40 пайызы ауылдық елді мекендерде бой көтерді.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget