- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ташкенттегі әлем чемпионатындағы...
Ташкенттегі әлем чемпионатындағы ең үздік қазақ жанкүйері қомақты сыйақы алды
Ташкенттегі әлем чемпионаты кезінде қолында барабан ұстап, еліміз спортшыларына жанкүйерлік еткен Абу Жолдасовқа құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлық берілді.
"Абу аға Жаңаөзенде туған. Біздің боксшыларды 2011 жылдан бері қолдап келеді. Сол кезден бастап ол барлық әлем чемпионатын өз көзімен көрді. Өзбекстан астанасындағы теке-тірестің ерекше болатынын білген ол, Ташкентте қазақ боксының нағыз фан-клубын ұйымдастырды және трибунадағы жанкүйерлердің әрекетін үйлестіре, басқара білді! Отандастарымыздың боксшыларымызға ыстық қолдау көрсеткені, Әнұранға қосылып, мемлекетіміздің атын ұрандатқаны есімізде мәңгі сақталады. Бұның барлығы әрине, қазақ боксының жанашыры - Абу Жолдасовтың арқасында десек артық емес", - деп жазды Кеңес Рақышев facebook парақшасында.
Боксшыларды, жаттықтырушыларды және чемпиондардың аналарын марапаттау рәсімінде Кеңес Рақышевтің арнайы шақыруымен келген Абу Жолдасов та ең құрметті қонақтардың бірі болған.
Абу Жолдасов боксшылар, бапкерлер және журналистердің қошеметіне бөленіп қана қоймай, 3 мың доллар көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталды!
Кездесу соңында қазақ боксының басты жанкүйері Абу Жолдасов пен Федерация басшысы Кеңес Рақышев жылы әңгімелесіп, Ханьчжоу Азия ойындары мен Париждегі Олимпиада ойындарына жоспар құрған.
Т. Раушанұлы