Ташкентте тағы бір қазақстандық футболшы бала ауруханаға түсті

Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол турниріне қатысушылардың жаппай сырқаттануынан кейін Қазақстанның сегіз азаматы, оның ішінде алты бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Жалпы 18 қазақстандық ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Тағы бір бала ауруханаға түсті

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, 2 қараша кешке Ташкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына тағы бір бала жеткізілген. Осылайша ауруханаға жатқызылған қазақстандықтардың жалпы саны 18-ге жетті. Олардың 12-сі — бала, алтауы — ересек адам.

3 қарашадағы жағдай бойынша ем қабылдап, денсаулығы жақсарған он науқас — алты бала мен төрт ересек адам ауруханадан шығарылды.

Қазір алты бала мен екі ересек адам Ташкенттегі медициналық мекемелерде емделіп жатыр. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған.

13 қазақстандық елге оралды

Елшіліктің көмегімен Қазақстанның 13 азаматы елге қайтарылды.

«Жарысқа қатысу үшін Ташкентке барған Қазақстанның 95 азаматының 12-сі Өзбекстан аумағында қалып отыр. Олардың сегізі ем қабылдауды жалғастыруда», — делінген хабарламада.

Оқиға қалай болды?

Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 футбол турниріне қатысушылардың жаппай сырқаттанғаны 1 қарашада белгілі болды. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан командалары қатысты. Қарағанды облысының атынан үш жекеменшік футбол мектебінің тәрбиеленушілері барған.

Ата-аналардың айтуынша, балалар 31 қазанда қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезінген. Жас футболшылардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналар бұған тағамнан улану себеп болуы мүмкін деп болжаған.

Кейін елшілік медициналық көмекке 19 адам жүгінгенін, олардың 17-сі ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған еді.