Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасының офтальмологтары көзден тас сынығын алып тастап, науқастың жанарын сақтап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жігіт балғамен тас шағып жатқан сәтте тас сынығы көзіне тиіп, бірнеше қабықшаны тесіп өткен.
Қасаң қабық, көз бұршағы, нұрлы қабық және көздің терең құрылымдары зақымданған. Офтальмологтар көру қабілетін сақтап қалу мақсатында зақымданған құрылымдарды біртіндеп қалпына келтірген.
"Жарақат өте ауыр болды, тас сынығы көздің ішіне терең еніп кеткен. Күрделі ота жасадық: қабықшаны тігіп, жарақаттан пайда болған катарактаны алып тастадық, көз бұршағын бекітіп, нұрлы қабыққа пластика және витрэктомия жасадық. Ота барысында сынықты тауып, шығарып тастадық, содан кейін көз құрылымын сақтау үшін силикон майын салдық", - деді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстарды орындау кезінде қорғаныш көзілдірігін тағу міндетті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз