“Тас салып жүреміз“: Алматы облысындағы тұрғындар бұралқы итке шағымданды

“Тас салып жүреміз“: Алматы облысындағы тұрғындар бұралқы итке шағымданды
Фото: Видео кадры

Алматы облысындағы елдімекен жұрты қолдарына ағаш ұстап, қалтасына тас салып жүруге мәжбүр. Нұрғиса Тілендиев ауылында бұралқы ит көп. Тұрғындар көше кезіп, аш жүрген төртаяқтылар қай кезде тап береді екен деп қорқады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап. 

Нұрғиса Тілендиев ауылының халқы көшеге шықса, үйге аман жетсек екен деп тілейді. Елдімекенде бұралқы ит көп. Төртаяқтылар қорадағы мал мен құсқа қырғидай тиіп, адамдарға шапқанды шығарған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, кейінгі уақытта жағдай, тіпті ушығып кеткен. Қаңғыған иттер күндіз-түні топтасып, көшелерде еркін жүреді. Салдарынан баласын мектепке жіберуге қорқатындар көбейген. Көше кезген төбеттер бүлдіршін тұрмақ, ересек адамның үрейін алады.

"Дүкеннен келе жатыр едім, тура алдымнан шығып, бас салды. Саусағым ауызына кіріп кетті ме, білмеймін, қырт ете түсті. Қорыққанымнан бірдеңе ойлауға мүмкіндік болған жоқ. Ит көрсем, бірден балаларға хабарласатын болдым. Емін-еркін жүре алмаймын", – деді Тілендиев ауылының тұрғыны Сәуле Махметжанова.

 "Тас ұстап, иттен қорқып қашып жүреміз. Олар тобымен жүреді. Серуендеу түгілі, дүкенге бара алмайтын болдық. Нан, сүт, керек затты әкелу керек деп кешке дейін күйеуімді күтіп отырамыз", – деді Н. Тілендиев ауылының тұрғыны Анар Ақынбаева.

 Елдімекен жұртының сөзінше, бұралқы иттердің қаптап жүруіне ауыл ішіндегі тәлімбақ себеп. Өйткені, жеке нысан дұрыс қоршалмаған, салдарынан, төртаяқтылар қашып шығып, көше кезеді. Алайда ит ұстайтын жердің басшысы ондағы жануарлардың аймақтан шықпайтынын және шыққан күннің өзінде еш зияны болмайтынын айтып ақталды.

"Мұндағы жануарлар өте мейірімді. Олар адамға тиіспейді. Иә, бір-екі рет қашып кету жағдайы тіркелген. Алайда оларды қайтарып алдық. Біздің қоршауымыз мықты. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ", – деді жеке тәлімбақ басшысы Евгения Мамаева.

Ауылдағы мәселемен жергілікті әкімдік те таныс. Олар бұл бағытта жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр деп сендірді.

"Өздеріңізде білесіздер ғой, итті қазір аулайды тек. Атуға болмайды. Олар оңайлықпен ұстатпайды. Кеше өзіміздің ауылдың тұрғындары да жүрді, көзбен көрді. Ұстайтынын ұстап, алып кететінін алып кетіп жатыр. Алдағы уақытта да жоспар бойынша жұмыстар жасалынады", – деді Қараой ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов.

Тұрғындардың айтуынша, 60-қа жуық бұралқы ит ауланса да, қаншама ит төңіректегілерге қауіп төндіріп, бостандықта жүр. Ал олар қаңғыған ит пе әлде питомниктен шығып жатыр ма, әзірге нақты жауап болмай тұр. Сондықтан ұлардай шулаған халықтың мәселесі шешілетін күн әлі алыс секілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget