Тәртіп бұзуға бейім 1400-ден аса жасөспірім бақылауға алынған

Тәртіп бұзуға бейім 1400-ден аса жасөспірім бақылауға алынған
Фото: gov.kz

ІІМ Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Әсет Оспанов Қазақстанда тәртіп бұзуға бейім 1400-ден аса бала бақылауға алынғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, тәртіп сақшылары мектепте "төбелескіш" балалар ерекше бақылауда.

"Оқу жылы басталғалы бері жасөспірімдер арасында қоғамда тәртіп бұзуға бейім 1400-ден аса бейресми көшбасшы анықталды. Барлығы ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Кәмелетке толмағандар тарапынан бопсалаудың 40 фактісі анықталды", - деді басқарма басшысы ІІМ-де өткен брифингте.

Әсет Оспанов өгей ата-анасымен бірге тұратын балаларды учаскелік полиция тексеретінін жеткізді.

"Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау үшін полицияның алгоритмі әзірленді. Оған сәйкес әкімшілік учаскені аралау кезінде өгей әкесі және өгей шешесімен бірге тұратын балаларға ерекше назар аударылады. Былтыр желтоқсанда мемлекеттік органдармен бірлесіп, зорлық-зомбылыққа, қорқытуға (буллингке), кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы әдістеме бекітілді.
Өңірлердегі әкімдіктер жанынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және оған ден қою үшін ведомствоаралық мобильді топтар құрылды", - деді ол.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz