Тарихшы Радик Темірғалиев "сәлем салу" дәстүрі солтүстік өңірге қарағанда оңтүстік аймақтарда неге кеңінен тарағанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тарихшының сөзінше, шын мәнінде "сәлем салуды" солтүстік аймақтар да XX ғасырдың басына дейін сақтаған.
"Орта жүз қазақтарының келіні мен күйеуінің үлкен туыстарымен кездесуі былай сипатталған: "Қандай да бір ерекше жағдайларда ол (келін-еск.) алыстан құрмет көрсетіп, басын иіп, бір тізесін бүгіп, қолын крест тәрізді бүккен ("Обычаи киргизов Семипалатинской области", 1878 жыл). Сондықтан "сәлем беру" белгілі бір аймаққа ғана тән дәстүр деп айтуға келмейді. Бұл ұлттық дәстүр. Одан бөлек, келін күніне бірнеше рет сәлем салмаған. Бұл өте сирек жасалған", - дейді тарихшы.
Радик Темірғалиевтің сөзінше, қайын ата мен әулеттегі үлкен ер адамдар келінмен байланыспауы керек болған.
"Бұл дала этикеті. Жеңге ретінде әзілдеп, ойнауға болатын. Ал егер ол біреуге жеңге болса, тіпті сөйлесуге де болмайтын. Табу. Бұл тыйымды аттап өткен Қодар мен Қамқа тіпті мерт болып кетті", - дейді тарихшы.
Радик Темірғалиевтің айтуынша, мұндай жайттарға қатысты тіпті анекдот та бар екен.
"Келін күйеуінің ауылына келген кезде міндетті түрде ата-енесімен сән-салтанатты көйлегімен кездеседі. Бірақ келіннің беті жабылып тұрады, тек "келін-көрімдік" дәстүрі орындалғаннан кейін бір сәтке ашылады. Осыдан кейін келін мен қайын атасы көп кездеспейді, тіпті бірнеше жыл бір ауылда тұрғанның өзінде атасы келінін танымай қалатын кездер болған. Бұл туралы "Материалы для изучения юридических обычаях киргизов" еңбегінде айтылған", - дейді маман.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!