Байқоңыр ғарыш айлағынан 30 сәуірде ұшу-конструкторлық сынақтар аясында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінен жаңа буынның "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышы ұшырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеді, ал габарит-массалық макет есептелген траекторияға сәтті шығарылды.
"Бұл бастама Қазақстанның әлемдік ғарыштық қызмет көрсету нарығындағы үлесін арттыру үшін күрделі инженерлік нысанның толық пайдалануға дайын екенін растады. "Бәйтерек" жобасы - еліміздің жеке заманауи ұшыру инфрақұрылымын пайдалануға көшуіне мүмкіндік беретін стратегиялық жетістік", - делінген хабарламада.
Бұл - әлемдегі ең қуатты сұйық зымыран қозғалтқышымен жабдықталған жаңа "Союз-5" зымыранының алғашқы ұшуы. "Союз-5" "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы № 45 ұшыру алаңынан жіберілді. Бұған дейін бұл алаң "Зенит" зымыран-тасығыштар тобын ұшыруға арналған болатын.
"Союз-5/Сұңқар" – Ресейде жасалған орта класты екі сатылы зымыран-тасығыш. Зымыран-тасығыш жүктерді жеткізуге және автомат аппараттарды күн-синхронды, жоғары эллипстік, геоөткелді және геостационарлық орбиталарға шығаруға арналған. Ол жер маңындағы орбиталарға 17 тоннаға дейін, ал геостационарлық орбиталарға 2,5 тоннаға дейін жүк шығара алады.
Бастапқыда зымыран-тасығышты ұшыру 2025 жылдың аяғына жоспарланған болатын. Кейін он 2026 жылғы наурызға, содан соң сәуірге ауыстырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!