“Тарихи оқиға“. Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясын ашты

“Тарихи оқиға“. Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясын ашты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ. Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылып жатыр. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады. Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық", - деді Президент.

Президент елдегі кейінгі саяси оқиғаларға тоқталды:

"Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді.   28 тамызда депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің аппараты құрылды. Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар!"

Мемлекет басшысының пікірінше, бір жыл ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болған.

"Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазір бұл өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget