"Тарих бәрін реттейді". Украинадағы соғысқа қарсы шыққан және қолдаған ресейліктер кім?

Бүгінде ресейлік шоу-бизнес екіге бөлінгендей: бірі Украинадағы соғысқа барынша қарсы болып жатса, енді бірі Ресей билігін қолдайтынын жасырмайды. Massaget.kz тілшісі Украинадағы соғысты ашық қолдаған және қарсы шығып жатқан ресейлік шоу-бизнес өкілдеріне шолу жасады. 

Соғысқа қарсы шыққан танымал ресейліктер

Украинадағы соғысқа алғаш болып қарсы шыққандардың бірі - танымал әнші Алла Пугачева мен күйеуі, әзілкеш Максим Галкин еді. Әсіресе әзілкеш әлеуметтік желідегі парақшаларында Украинада болып жатқан соғысқа қарсы екенін үнемі айтып та, жазып та отырады. 

24 ақпаннан кейін (Ресей Украинаның бірнеше аймағына басып кіргеннен кейін) Ресейдегі көптеген шоу-бизнес өкілі, блогер елден кете бастаған болатын. Оның ішінде, Галкин мен Пугачева да "елден қашып кетті" деген атқа ілінді. Түрлі БАҚ-та "Пугачева Ресейден біржола кетіп қалды" деген материалдар тарай бастады. 

"Каникул, демалыс пен емделу - эмиграцияға жатпайды. Елге келгеннен кейін сөйлесеміз", - деді Пугачева Instagram-парақшасында видеоүндеу жасап. 

Артынша 16 қыркүйекте Максим Галкинді Ресейдің әділет министрлігі "әртіс Украинадан ақшалай көмек алып, саяси қызмет атқарғаны үшін" шетелдік агент (иноагент) ретінде таныды.

Украинадағы соғысқа қарсы шыққан ресейлік жұлдыздардың бірі - кино және театр актеры Дмитрий Нагиев. Ол 12 наурызда Украинаны қолдап, видео түсірген болатын. 

"Түсінгеніңізге рақмет", "Дмитрий, сізді құрметтеймін! Нағыз патриотсыз! Украина - бауырлас еліміз", "Құрметті, Дмитрий, әділ әрі түсінікті ұстанымыңыз үшін рақмет! Үндемей қалмағаныңызға рақмет! Аман болыңыз", - дейді өнер иесінің оқырмандары. 

Артынша 6 сәуірде актер парақшасында "Жетер енді!" деп жазба қалдырған болатын.  

Ресейдегі танымал шоу "Вечерний Ургант" бағдарламасының жүргізіушісі, әзілкеш Иван Ургант Украинадағы соғысқа қарсы екенін бірауыз сөзбен жеткізген болатын. 

"Қорқыныш пен қайғы. Соғысқа жол жоқ", - деп жазды өнер иесі. 


Фото: instagram.com/urgantcom

Айта кетейік, Ургант та биыл тамызда шетелдік агент деп танылған болатын.   

Танымал әнші Валерий Меладзе Ресей Украинаға басып кірген күні бірден видеоүндеу жасап, өзінің ұстанымы қандай екенін айтты. 

"Бүгін ешқашан болмауы қажет нәрсе болды. Тарих бәрін өз орнына қояды. Ал бүгін әскери әрекеттерді тоқтатып, келісімге келуді сұраймын. Адамдар келісе алуы керек. Тіл сол үшін берілген. Адамдар өлмеуі керек, оны тоқтату керек", - деп кесіп айтты әнші. 

Артынша әнші мен отбасына ақпараттық шабуыл жасалған. Мысалы, Валерий Меладзе мен ағасы, композитор, продюсер Константин Меладзе Ресейден кетіп қалғаны, олар Францияда жүргені туралы ақпарат тараған болатын. Валерий бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. 

Украинадағы соғысты қолдағандар

Соғысты қолдағандар туралы айтар болсақ, ең алдымен есімізге әнші Полина Гагарина түседі. Ол соғыста Ресей тарапын қолдап, мемлекет ұйымдастырған түрлі концертте өнер көрсеткен болатын. Осы себепті де әншінің Алматыдағы концерті өтпейтін болды. Гагарина Қазақстанға келіп, концерт ұйымдастыратынын естіген қазақстандықтар оның елде өнер көрсетуіне қарсы шыққан болатын. Осылайша, Полина Гагаринаның 14 ақпанда Алматыда өтуі қажет болған концерті өтпейтін болды. 


Фото: telegraf.com.ua

Украинадағы соғысты қолдайтындардың бірі - әнші Николай Басков. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшаларында ашық айтады. 

"Арнайы операция тапсырмасын орындап жатқан адамдарға алғыс айтуымыз керегіне сенімдімін. Солардың арқасында біз осы жерде өмір сүріп, өз ісімізбен айналыса аламыз. Сондықтан әқайсымыздың жүрегімізде ең басты сезім - біз Ресей үшін, жаңа болашағымыз үшін, ұлы державаның болашағы үшін мақтаныш етуіміз керек", - дейді әнші жазбаларының бірінде. 

Одан бөлек, Басков "Ресей соғысты бастамайтынын, Ресей соғысты аяқтайтынын жазған". Бір қызығы Instagram бұл жазба жалған ақпарат екенін, оны тәуелсіз сарапшылар тексергенін ескерткен.  

Басковтың бұл жазбасын теле-радиожүргізуші, актриса Алла Довлатова да қолдаған. 

Ресейді қолдайтын концерттерде бой көрсетіп жүрген әншілердің бірі - Олег Газманов. Ол жазбаларында #впередроссия яғни "алға, Ресей" хэштегін жиі қолданады. 

Актер Иван Охлобыстин де Ресейді соғыста қолдап отырған шоу-бизнес өкілдерінің бірі. Өнер иесі Ресейді қолдайтынын әлеуметтік желіде жазбасы арқылы дәлелдеген. 

"Жұмыс істеңдер, бауырлар!", - деп жазды актер Z белгісі бар суретті бөлісіп. 

Одан бөлек, Охлобыстин "Біз - орыстар, Құдай біздің жағымызда", "Украинада орыс тіліне "иә" дейміз!", - деген секілді жазбалар жариялаған.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!