Алатау ауданы қарасты Мәдениет және Рахат шағынауданының тұрғындары өздерін XX ғасырда қалып кеткендей сезінеді. Себебі интернет желісінен де, мобильді байланыстан да мақұрым қалған. Ай сайын мобильді операторларға 3-4 мыңдап тариф салатын халық интернетке жарымай отырғанына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғынының сөзінше, ешқандай байланыс желісі ұстамайды.
"Мен Рахат шағынауданының тұрғынымын. Бізде екі күннен бері байланыс жоқ. Теле2 болсын, Beeline болсын, Activ болсын мүлде ұстамайды. Интернет жүйесін айтпағанда, қарапайым байланысудың өзі мүмкін емес. Айына тарифке үш мың теңге жұмсаймын. Бірақ жартысынан көбін пайдалана алмаймыз. Ақшамыз желге ұшқанмен бірдей", - дейді Елена Колесникова.
Аумақта интернет желісін тарататын екі бірдей бағана орнатылыпты. Бағана деген аты болмаса биіктігі байқалмайды. Телефонмен сөйлесу үшін желі толқындарын қуалап жүретін Қайсар Арсланов та бар кінәрәт бағаналарда деп отыр.
"Сеть дұрыс ұстамайды. Beeline де, Activ те. Сөйлесейін десең байланыс жоқ. Сөйлесу үшін терезе жағалап, сеть қуалап жүреміз. Бір айдан бері жөнді интернет жоқ. Соны жөндесін. Антенна, биік-биік башня қойсын", - дейді Рахат шағынауданының тұрғыны.
Ал Алатау ауданы әкімдігіне барғанымызда, олар "мобильді байланыс жүйесіне жауап бермейтіндерін" жеткізді. Алатау аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы Кеңесбай Алмастың сөзінше, әкімдік мәселемен толық таныс екен.
"Аудан әкімдігі бұл мәселеден толықтай хабардар. Тұрғындардан арыз-шағымдар өте көп түсіп жатыр. Біз өзіміздің құзіретімізге кірмегендіктен Алматы қаласы цифрландыру басқармасына жіберіп жатыр. Қазіргі таңда басқарма тарапынан қарастырылуда. Нақты шешімі бізге айтылмады", - дейді маман.
Халықтың айтуынша, бұл аумақта әуел бастан интернет желісі жүйелі жүргізілмепті. Ал әкімдік өкілі тиісті органдарға ескертуден басқа қолдан келер қайран жоқ екенін айтады. Бұл мәселені Алматы қалалық цифрландыру басқармасының өкілдері жуық арада біржақты етуі тиіс. Өйткені халықты толық интернет желісімен қамтамасыз етіп алмай, 5G жүйесін енгіземіз деу - бос әурешілік.