Әлеуметтік желіде Өскемендегі интернаттардың бірінде тәрбиеші 9-сыныпта оқитын қызды соққыға жыққаны, ол ішімдікке мас болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Полиция осы дерекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұл дерек бойынша 27 наурызда Өскемен қаласы Полиция басқармасының Ертіс Полиция бөліміне №8 мектеп-интернатта оқитын 16 жастағы оқушының анасы тәрбиешіге қатысты шаралар қабылдауды сұрап, жүгінген.
Тексеріс барысында полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, нәтижесінде тәрбиеші мен осы мектеп оқушысы арасында жанжал болғаны анықталған. Бұл дерек полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген.
Сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған қыздың денесінен жарақаттар табылмаған.
Ал 17 жастағы оқушының дене жарақатын алу дерегі бойынша бейнебақылау камералары тексерілген. Жазбаларға сәйкес, кәмелетке толмаған бала доппен ойнау кезінде құлап дене жарақатын алғаны анықталған.
Материал тәрбиешіге қатысты қызметтік тексеру жүргізу үшін Өскемен қаласының білім бөліміне жолданған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!