“Тәрбиелейміз деп соққыға жыққан“. 6 оқушы жасөспірімнің өлімі үшін жауап береді

“Тәрбиелейміз деп соққыға жыққан“. 6 оқушы жасөспірімнің өлімі үшін жауап береді
Фото: Tengrinews.kz

Ақтөбе облысының прокуратурасы өңірдің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Темір ауданының Қопа ауылындағы мектеп оқушысының абайсызда өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру дерегі бойынша қылмыстық істі жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысы туралы

Бұл істі облыстық Полиция департаменті тергеген. Тергеу барысында 2024 жылы 2 қыркүйекте Темір ауданының Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын "тәрбиелік мақсатта" ұрып-соққаны анықталған.

"Салдарынан кәмелетке толмаған Н.Сыдық ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды. Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуі ҚК 106-бабының 3-бөлігімен (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) сотқа берілді, ал қалған бесеуі ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны (Қылмысты ұйымдастыру, ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылып жатыр", - деп жазылған мәліметте.

Бұған дейінгі жағдай

Айта кетейік, былтыр 2 қыркүйекте Темір ауданының Қопа ауылында кәмелетке толмағандар арасында жанжал шығып, салдарынан тоғызыншы сынып оқушысы Нұржан Сыдық қаза тапты.

Бұл істі тергеуді Бас прокурор Берік Асылов жеке бақылауына алды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget