Тараздық белсенді өз көлігін өртетіп, бұған мемлекеттік қызметкерді айыптаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2022 жылғы 25 қазанда полицияға азамат Қанатов Н. белгісіз адамның үйінің жанында тұрған автокөлігін өртемек болғаны туралы хабарлаған. Өртеу фактісі расталды. Автокөліктің сыртқы бөлігі жартылай зақымданған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігімен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе өрт қою арқылы бүлдiру) қылмыстық іс тіркелді. Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Қанатов өз жауаптарында, сонымен бірге әлеуметтік желілерде оның автокөлігін өртеуді мемлекеттік қызметші - лауазымды адам ұйымдастырды деп күдіктеніп, болған оқиғаны өзінің қоғамдық қызметімен байланыстырған.
Бұған қоса, өртеу дерегі жасалғанға дейін Н. Қанатов әлеуметтік желілерде оған қатысты лауазымды адамдар тарапынан "қастандықтар" жоспарланып отырғаны туралы хабарламалар жариялаған.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде оның автокөлігін өртеген адам ұсталды. Автокөлікті өртеу Қанатовтың тапсырысымен жасалғаны анықталды. Оның мақсаты тергеу барысында анықталады. Қанатовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 419-бабы 3-бөлігі (Адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан не пайдакүнемдiк ниетпен көрінеу жалған сөз сөйлеу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Оның кінәсіне қатысты нақты дәлелдер бар. Өртеп жіберген адам анықталғаннан кейін, Қанатов тергеуге әртүрлі жолмен кедергі келтіруге тырысты. 2023 жылғы 7 ақпанда Қанатов уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды. Тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!