Тараз қаласының әкімдігі "Қазфосфат" ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытының күкірт қышқылы цехынан тараған түтінге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Мassaget.kz Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2022 жылы 11 шілде сағат 20.00-де "Қазфосфат" ЖШС минералдық тыңайтқыштар зауытының күкірт қышқылы цехында абсорбердің моногидратты сорғысы істен шықты. Салдарынан ең жоғары концентрациясы 1 пайыз S03 аспайтын, шығарынды газдың қысқа мерзімді бөлінісі (күкірт триоксиді) орын алды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қала әкімдігі ауаға тараған бұл концентрация адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға әсер етпейтінін хабарлады.
Айта кетейік, 11 шілдеде кешке қарай Тараз қаласын қою түтін басып, тұрғындар өздерін жайсыз сезіне бастаған. Адамдардың басым көпшілігі тамағы қышып, басы айналғанын әлеуметтік желілерде жариялады. Бүгінде зауыттағы апаттың себебі анықталып жатыр.
"Қазфосфат" зауыты техникалық күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар және ауыл шаруашылығына арналған фторсыздандырылған фосфат шығарумен айналысады.