- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тараздағы зауыт қызметкерлерінің...
Тараздағы зауыт қызметкерлерінің наразылығы: әкімдік өкілдері оқиғаның мән-жайын айтты
Жамбыл ауданының әкімдігі Таразда зауытта шыққан наразылықтың мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ мониторингі нәтижесінде кәсіпорын әкімшілігінің алдына "Қазфосфат" ҰДФЗ" ЖШС жұмысшыларының жиналғаны анықталды. Алдын ала болжам бойынша, басқарма басшысы қызметкерлерді "малдар" деп балағаттаған. Яғни Куликов зауыт қызметкерлеріне дөрекі сөйлеген. Салдарынан 200 қызметкер жиналып, Куликов кешірім сұрап, оны жұмыстан шығуын талап еткен.
Одан бөлек, қызметкерлерді балағаттаған адам "Қазфосфат" ЖШС цифрлық трансформация басқармасының бастығы, РФ азаматы екені анықталды.
Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық прокуратура басшысының орынбасары ПД өкілдері, сондай-ақ аудан прокуроры мен әкімі келді. Жедел шешімдер қабылдау үшін Полиция бөлімінде штаб құрылды, құрама жасақ дайындалды. Бүгінде жағдай тұрақты, жиналғандар жұмыс орнына оралды.
Оқиға орнында қандай да бір тәртіпсіздік болып кетпеуі үшін полиция аймақты қоршауға алған. Жиналған адамдардың алдында аудандық прокурор сөйледі. Ал қызметкерлерді балағаттаған басқарма басшысы кешірім сұрап, басшысының бұйрығына сәйкес жұмыстан шығарылды. Қоғамдық тәртіп бұзылмаған.
Еске салайық, бұған дейін Таразда "Қазфосфат" зауытында Ресей азаматының мәлімдемесіне байланысты наразылық шыққаны хабарланған болатын. Зауыт өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Оқиға орнынан видеоны Нурадин Ракай есімді Facebook қолданушысы бөлісті. Желі оқырмандары наразылыққа ұлтқа қатысты қорлау мәніндегі сөз себеп болғанын хабарлап жатыр. Алайда Жамбыл ауданы әкімдігі өкілдері ұлтаралық мәселе болмағанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина