Тараздағы кафеде қонақтарға шошқа етінің орнына ит етін берген

Тараздағы кафелердің бірінде шошқа етінің орнына ит етінен жасалған тағамдар ұсынылған. Бұл туралы депутат Сергей Снигирев Instagram-парақшасында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы кафелердегі ет сапасына қатысты тұрғындардың көптеген арыз-шағымынан кейін "Заря", "Антрекот", "Суши Лав" және "ДИРД" дәмханаларына жоспардан тыс тексеру жүргізген. 

Тексеріс барысында "Антрекот" кафесінде шошқа етінің орнына ит етінен жасалған тағамдар ұсынылғаны анықталды.

Бұл іске қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды, бұзушылықтарды жою туралы санитарлық нұсқама берілді. Сондай-ақ, бұл жағдайға қатысы Тараз қаласының полиция басқармасына, прокуратураға хаттар жіберілді.

Еске салайық, Қазақстанда 2021 жылы етін жеуге рұқсат етілмейтін жануарлардың тізімі анықталған еді. Мұндай қылмыс үшін "Жануардың өліміне әкеп соқтыратын қатыгездік" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл қылмыс үшін 200 АЕК (2021 жылы 583 400 теңге, 2023 жылы 690 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады немесе белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығына бір жылға дейін айырылып, 50 тәулікке дейін қамауға алынады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!