- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда сот ағасының...
Таразда сот ағасының орнына інісін соттап жіберген
Таразда құжат бойынша қамаудағы азамат жұмысқа тұра алмай қиналған. Тіркеуде сотталып кеткен тұрғын түрме есігін күнде сырттан тоқылдатып жүр. Мұндай жағдайға түзеу мекемесінің басшылығы мен прокурорлар да аң-таң, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Қызылордада жасаған қылмысы үшін Ержан Болатовтың туған ағасы істі болған екен. Бірақ тергеу барысында да, адам тағдыры шешілер сот отырысында да жеке басы анықталмай, інісінің құжатымен шешім шығарып жіберген.
Мұндай жағдайға түзеу мекемесінің басшылығы мен прокурорлар да аң-таң. Өзі бостандықта, құжат бойынша түзеу колониясында жатқан Ержан Болатов адам айтса нанғысыз жағдайда.
Қызылордада жасаған қылмысы үшін Ержан Болатовтың туған ағасы істі болған екен. Бірақ тергеу барысында да, адам тағдыры шешілер сот отырысында да жеке басы анықталмай, інісінің құжатымен шешім шығарып жіберген.
"Менің осы системада жұмыс істеп жүргеніме қанша жыл болды. Бірінші рет осындай жағдайды көріп отырмын. Қызылордаға жұмысқа барған Махамбет Болатов істі болады. Қолға түскен сәтте інісінің жеке куәлігі қалтасынан шыққан. Куәліктегі суреті аумаған соң тергеушілер анықтауға емес, дереу соттауға асыққандай", – дейді Жамбыл облыстық №59 ҚАЖД бастығы Руслан Уразметов.
"Тексермеген. Менің ағам айтқан ол кісілерге. "Бұл менің інімнің паспорты, мен емес, менің атым – Махамбет Болатов. Ал паспорт менің інімнің паспорты" деп айтқан. Ол кісілер оған сенбей, Махамбет емес, Ержан деп соттап жіберген. Негізі Ержан Болатов мен боламын", – дейді Ержан Болатов.
Осылайша, осы жылдың маусымында Қызылорда қалалық №2 соты Махамбет Болатовты ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырады. Бірақ құжат бойынша інісін соттап жіберіпті. Бір қызығы – баласының сотталып жатқанынан жақындары бейхабар болған. Бұл жағдайдан соң прокурорлар саусақ іздерін сараптап, қамаудағы азамат Ержан емес, туған ағасы Махамбет екені белгілі болыпты.
"Сотталған Болатов өзінің туған інісінің құжаттарымен Қызылорда қаласының соты басқа азаматқа заңсыз сот үкімі шыққаны анықталды. Ол мән-жайларды дәлелдеу үшін біз қажетті сарапшыларды тарта отырып, бұл жағдайларды дактилскопиялық мамандардың зерттеуі арқылы сотталғанның сөзінің растылығы, орнын тауып тиісті хат, бас прокуратураға және Қызылорда облыстық прокуратурасына жолданған", – дейді Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Пешеков.
Қазір құжаттан жаңылысқан жағдай бойынша іс қайта қарауға жіберілді. Ал судья жаңылған жерін білуге мұрағат ақтарыпты. Онда тергеушілердің көрсеткен биологиялық сараптамасында қылмыскер "Ержан Болатов" деп көрсетілген дейді. Сот соған сай құқықтық баға бергенін жеткізді. Ал тергеу барысында ағаттықты кім жібергені ендігі тергеумен анықталатын болды. Оған дейін Ержан Болатов көлденең кісі көзіне көрінуден қорқады. Құжат бойынша қамаудағы адам болған соң жұмысқа да тұра алмайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина