- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда Шерхан Мұртазаның...
Таразда Шерхан Мұртазаның құрметіне ескерткіш қойылды
Таразда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай ескерткіші ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дархан Қыдырәлі халықты айтулы оқиғамен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
"Шерхан Мұртаза - саналы ғұмырын халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнаған көрнекті тұлға, Халық жазушысы, қоғам қайраткері. Шерхан Мұртаза өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады", - делінген құттықтау хатта.
Ескерткіш Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимараты мен жатақханасының алдында орналасқан. Демеушілік қаражат есебінен жасалған ескерткіш қоладан құйылған. Тұғырдың биіктігі 4 метрге жуық, ал мүсіннің жалпы биіктігі - 7,7 метр.
Ескерткіштің авторы - мүсінші Айдос Бүркітбаев. Оның жұмысы "Көне Тараз" қоғамдық қоры жариялаған байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған. Бұл тұрғыда шығармашылық зиялы қауым өкілдерінен комиссия құрылған болатын.
Салтанатты шараға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, қоғам қайраткері, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, профессор, әдебиеттанушы Жанғара Дәдебаев қатысқан.
Айта кетейік, Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Биыл жазушының 90 жылдық мерейтойы. Оның "Табылған теңіз", "Бұлтсыз күнгі найзағай", "Белгісіз солдаттың баласы", "Мылтықсыз майдан", "41-жылғы келіншек", "Ахметжанның анты" секілді шығармалары бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова