- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда сатушысыз дүкен...
Таразда сатушысыз дүкен ашылды
Бір жыл бұрын АҚШ-тың Сиэтл қаласында «Amazon go» дүкені ашылғанын хабарлаған едік. Оның ерекшелігі – дүкенде бір де бір кассирдің болмауы. 2019 жылы сатушысыз сауда жасау жүйесі Қазақстанға да келіп, Тараз қаласында алғаш рет дүкен ашылды. «Amazon gо» жетілген технолонияның көмегімен осындай жүйеге көшсе, Тараздағы «Integrity Shop» дүкені жастардың бойындағы адами құндылықтарды арттыру үшін жұмыс бастады.
Жастар жылына орай Тараздағы Медициналық колледж бұл дүкенді студенттерге арнап ашқан. Негізгі мақсат – жастардың бойына тәрбие мен адами құндылықтарды сіңіру. Яғни, студент бағасы көрсетілген тауарды алу үшін кассаға емес, арнайы қорапшаға салып кету керек.
Адамның ұятын сынға түсіретін бұл жоба қазіргі уақытта скандинавия елдерінде қолданылады. Дүкеннің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Равиль Төлебаев аталған жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан Президенті 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастардың бойында әділдік және адалдық құндылықтарын тәрбиелеу қажеттігін атап өтті. Осындай механизмдерді енгізу - жастарда оңтайлы моральдық қасиеттерді нығайтуға, сонымен қатар ішкі парасаттылыққа және адалдыққа тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - дейді Равиль мырза.
Жастар жылының шеңберінде аталған колледжде дүкеннен бөлек Co-working орталығы және жаттығу залы іске қосылған.
А. Қажиев