Жамбыл облысында мас күйде полициядан қашпақ болған мопед жүргізушісі 20 тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараз қаласындағы Қ.Тұрысова көшесінде патрульдік қызмет атқару барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірсіз жүрген мопед жүргізушісін байқаған.
Жүргізуші полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекет жасаған. Алайда тәртіп сақшылары аз уақыт ішінде оны ұстады.
"Жүргізушімен сөйлесу барысында полиция қызметкерлері оның масаң күйде екенін байқап, медициналық куәландыруға жіберді. Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші орташа дәрежедегі масаң күйде болғаны анықталды. Тексеріс барысында оның көлік басқаруға құқығы жоқ екені, яғни жүргізуші куәлігін мүлде алмағаны белгілі болды", - деді полиция.
Көлікті масаң күйде, жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін оған заң аясында шара қолданылды.
Сот шешімімен оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Ал мопед арнайы айып тұрағына қойылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!