Таразда қыз алып қашқан үш адам сотталып кетті

Таразда қыз алып қашқан үш адам сотталып кетті
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Алматы облысының үш тұрғыны Таразда қыз алып қашқаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Былтыр қазанда Тараз қаласында Алматы облысының үш тұрғыны Жамбыл облысының 19 жастағы тұрғынын некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан.

Бұл дерекке қатысты Әулиеата ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 125-1-бабы 2-бөлігі 1) және 4) тармақтары бойынша соталды тергеп-тексеру бастаған.

Тергеу барысында жәбірленуші бес жылдан аса уақыт бойы алып қашуды ұйымдастырған адаммен жақын қарым-қатынаста болғаны, алайда оған тұрмысқа шығудан бас тартқаны анықталған.

Қыз бірнеше мәрте бас тартқанына қарамастан, ер адам оны алып қашуды ұйғарып, қылмыс жасауға таныстарын тартқан. Осылайша, алдын ала сөз байласқан үш күдікті күш қолданып, күндіз жәбірленушіні алып кеткен.

Сот үкімі

Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген.

Тараз қаласының №2 сотының үкімімен олар адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқаны үшін кінәлі деп танылған. Әрқайсына үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Үкім заңды күшіне енді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget