Таразда құрылыс қоқысын төккендер жаппай айыппұл арқалап жатыр

Таразда құрылыс қоқысын төккендер жаппай айыппұл арқалап жатыр
Фото: Видео кадры

Таразда құрылыс қалдықтарын кез келген жерге төгу мәселесі ушығып тұр. Жаңа тұрғын үй кешендерін салып жатқан кейбір құрылыс компаниялары өздерінен қалған қоқысты уақытында шығармайды. Тазалық талаптарын қарапайым тұрғындар да жиі бұзады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап..

Биыл қала полицейлері құрылыс қоқысын заңсыз төгуге қатысты 12 мыңнан астам деректі анықтаған. 1200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан "Атакент" шағынауданында жергілікті тұрғындардың құрылыс компанияларына қатысты шағымы көбейген. Олардың айтуынша, мердігерлер абаттандыру ережелерін сақтамайды.

Жуырда осы аумақта 50 тонна құрылыс қалдығын заңсыз үйіп тастау дерегі анықталды. Кәсіпкерлерге аумақты қысқа мерзімде тазарту міндеттелді.

"Тұрғындар арасында күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Барлық заң бұзушылық бейнежазбаға тіркеледі. Оларды анықтауға көшедегі бейнебақылау камералары да көмектеседі. Қаланың санитарлық жағдайын қатаң бақылауда ұстап отырмыз", - деді Тараз қалалық полиция бөлімінің бөлімше бастығы Төлеби Сайлаубай.

Жыл басынан бері қала аумағынан 417 заңсыз қоқыс орны анықталған. Қазір олардың барлығы тазартылды. Тәртіп бұзғандар жалпы сомасы 19 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген.

"Биыл мыңдаған тонна қоқыс шығарылды. Тек соңғы 15 күннің ішінде "Таза Қазақстан" акциясы аясында 100-ден астам тұрғынға ескерту жасадық. Оларға қоғамдық орындарды ластауға болмайтыны түсіндірілді", - деді "Жібек жолы" қалалық ауданы әкімінің орынбасары Диас Әжіман.

Жергілікті билік қала тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді. Алдағы уақытта полиция мен әкімдік қызметкерлері рейдтерді жиілетіп, тұрғындар мен құрылыс компанияларына абаттандыру талаптарын, тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттігін тұрақты түрде ескертіп отырмақ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget