- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда құмар ойнынан...
Таразда құмар ойнынан қарызға батқан қаржы мекемесінің директоры өз фирмасын тонаған
Таразда спорттық құмар ойындар салдарынан қарызға батқан шағын қаржы мекемесінің директоры өз фирмасын тонаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
7 қыркүйекте Тараз қаласының "102" арнасына шағын қаржы мекемесі тоналғаны туралы хабарлама түсті. Полицейлер келгеннен кейін сол мекеме филиалының 47 жастағы директоры кассирді дәретхана бөлмесіне қамап, кассадан 24,5 миллион теңге көлеміндегі ақшаны иемденіп, белгісіз бағытқа қашып кеткені анықталды.
Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жасалған тонау) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Жеке құрамға шұғыл бағдар беріліп, "Тосқауыл" жоспары енгізілді. Сондай-ақ. өзге де жедел іс-шаралар кешені жүргізілді, оның ішінде тонаушының туыстарымен және айналасындағы жақын араласатын адамдармен байланыс жасалып, нәтижесінде күдікті қала аумағында жасырынып үлгермей, өз еркімен ұрланған ақшаны алып, полиция органына келуге мәжбүр болды.
Жауап алу барысында ұсталған ер адам әрекетіне өкініп, мұндай қадамға спорттық құмар ойындарынан ұтылғаны және кезінде осындай құмар ойындар үшін алған 5 несиенің қарыздарына байланысты барғанын айтқан. Қазір күдікті уақытша қамау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова