- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда көше тазалаушылардың...
Таразда көше тазалаушылардың жалақысы 160 мың теңгеден 80 мыңға қысқарған
Таразда көше тазалаушылар жалақыны көтеруді талап етіп әкімдіктің алдына жиналды. Бұған дейін 160 мың теңге алып жүрген "Жасыл ел Тараз" мекемесінің қызметкерлері биыл айлық 80 мың теңгеге қысқартылғанын айтты. Ал әкімдік мамандары бұл мәселе мемлекеттік сатып алу конкурсының өтпеуіне қатысты деп отыр. Өйткені қоғамдық жұмысшылар жалақының жартысын мекеме ұсынған қосымша жұмыс арқылы тауып келген көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қаладағы тазалыққа жауапты мекемеде 500-ге жуық адам қызмет етеді. Бұған дейін 160 мың теңге жалақы алып келген жұмысшылар "Жаңа жылдан бері айлығымыз 50 пайызға қысқарды" дейді.
"80 мың теңге қай жерімізге жетеді? Жылда әкімдікке келіп шешуіміз шарт емес шығар. Басшылар жоғарыда не істеп отыр?", - дейді Айнұр Тұрсынбаева.
"Жасыл ел" қарыз, қарыздан шығару үшін қарапайым жұмысшыны құрбан етті, былай айтқанда. Сөйтіп бір жылдан кейін бізді "Бірте-бірте штатқа қабылдаймыз" деген. Ешкімді қабылдаған жоқ", - дейді Фарида Нарымбетова.
Көше тазалаушылардың еңбек дауы жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұған дейін тазалыққа жауапты мекеме бюджетке 1 миллиард 300 миллион теңге қарыз болып, мемлекеттік конкурстан шеттетілген. Сондықтан жұмысшылар қосымша жұмыстан қағылып, жалақысы екі есе азайған.
Алайда әкімдік былтыр тарап кетудің алдында тұрған мекемеге "Бір көзден қаржы беруге мүжбүр болдық" дейді. Өйткені коммуналдық мекемеге мемлекеттік тапсырыс берілмегенде, жүздеген адам жұмыссыз қалады екен.
"Былтыр біз жұмыс орнын сақтап қалу үшін бір көзден келісімшарт жасадық. Салыққа қарызы болуына байланысты конкурсқа қатыса алмады. Сондықтан бір көзден келісімшарт жасады, бірақ бұл шешімімізді бақылаушы органдар заңсыз деп тауып, соттың шешімімен келісімшартты бұзуға мәжбүрлеп отыр", - дейді Тараз әкімі Бақытжан Орынбеков.
Қала әкімі биыл мұндай тәуекелге бара алмағанын айтады. Алайда былтырғы қарызынан бір жыл ішінде құтылған мекеме мемлекеттік конкурсқа қайта жіберілген. Осылайша әкімдік өкілдері қоғамдық жұмысшылар мемлекеттік сатып алу науқаны аяқталғанша, 80 мың теңге айлықты місе тұта тұруына тура келеді деп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан