- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда жеке сот...
Таразда жеке сот орындаушысы өндіріліп алынған ақшаны өз қажетіне жұмсаған
Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы өз өкілеттігін теріс пиғылда пайдаланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараз қаласы прокуратурасы тексеріс жүргізу нәтижесінде жеке сот орындаушысы мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына өндірілетін қаражатты ұрлағанын анықтады.
"Сот орындаушысы 46 борышкерден өндіріп алынған 3,1 миллион теңгені, соның ішінде 635 мың теңге қаражатты жеке шотына аударып, өз қажетіне жұмсаған. Борышкерлерге қатысты материалдар түпкілікті орындалмай, берешек өтелмей қалған", - деп жазылған хабарламада.
Осы дерек бойынша Тараз қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 251-бабының 2-бөлігімен (жеке сот орындаушысының өкілеттігін қайталап теріс пайдалануы) соталды тергеу бастады.
Қылмыстық істі тергеу Тараз қалалық полиция басқармасына жүктелді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова