- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда «Жастар» аллеясы...
Таразда «Жастар» аллеясы пайдалануға берілді
Наурыз мерекесі Жамбыл облысына қуанышын ала келді. Бүгін облыс орталығында Жастар жылына орай жаңадан салынған «Жастар» атты аллеяның ашылу салтанатты өтті.
Жалпы аумағы 6 га жерді алып жатқан аллея облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен ашылған. Саябақтың ішінде ерекше сәулетке ие «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші, «Ұлы дала ұландары» стелласы және «Сахна» алаңшасы сияқты жастарға арналған бірнеше орын бар. Сонымен қатар, аллея ортасына LED-экран орналастырылған. Бұл экранның көмегімен алдағы уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
«Jastar» қабілет орталығында студенттер мен оқушыларға тегін интернетті пайдалануға толық жағдай жасалған. Сабаққа дайындалу кезінде жастар осы орынға келіп барлық қызметті тегін пайдалана алатын болады.
«Жастарға арналған қабілет орталығында 16 адамға арналған «коворкинг» залы және 40 адамға арналған асхана жұмыс істейді. Коворкинг залында 8 ноутбук қойылған. «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген. Студенттер кітап сөрелерінен қажетті кітаптарын алып, курстық жұмыстарын, рефераттарын жаза алады. Жастар жылына орай жастарды қолдау мақсатында бой көтерген орталық олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға үлкен әсерін тигізеді деп күтілуде»,- дейді ІT маманы Нұрсұлтан Тұрысбек.
Жоғарыда айтып өткен «Білім» алаңы жобасы да, алдағы уақытта бекітілген жоспар бойынша өз жұмысын бастамақ. Атап айтсақ, білім күні мерекесінде бұл алаңда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Аллеяда салтанатты жиын өткізіліп, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, интеллектуалды пікірсайыстар өтеді.
«Жастар» аллеясы – заман талабына лайықталып салынған бірегей саябақ.Бұл жердегі орындықтардың өзі «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген.
А. Қажиев