Таразда ереже бұзып, полициядан қашқан көлік жол апатына ұшыраған: жасөспірім қаза тапты

Таразда адам өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамбыл облысы Полиция департаменті мәліметінше, патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған Audi маркалы көлікті тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, қашып кетуге әрекет жасаған. Ол жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге азаматтардың өміріне қауіп төндірген.

"Қашу барысында жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, электр желісінің бетон бағанына соғылған. Жол апаты салдарынан жолаушылардың бірі оқиға орнында қайтыс болды. Көлік тізгінінде көлік басқару құқығы жоқ 15 жастағы жасөспірім отырғаны анықталды. Кәмелетке толмаған жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді", - деп жазылған хабарламада.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық іс аясында көлік иесінің әрекетіне де құқықтық баға берілмек.

Сонымен қатар, жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу және бақылау міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!