Таразда ер адам тіс шұқығыш жұтып қойып, төрт күн азаптанған

Тараздық дәрігерлер тіс шұқығыш жұтып қойған ер адамды құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына іші қатты ауырған, әлсіз 54 жастағы ер адам емдеуге жатқызылған. Оның айтуынша, төрт күн бойы ауырған. Бірақ медициналық көмекке жүгінбеген. Осылайша, қатты ауырсынған ер адамды жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген.

"Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, лапароскопия бойынша тәжірибелі, білікті маман Ғабиден Рахымжановтың бастамасымен хирургтер Бекташ Дүрсінов пен Әлімбек Бекнұр компьютер томографиясын жүргізді. Суреттерде науқастың іш қуысында тұрып қалған тіс шұқығыш табылды", - делінген ведомство хабарламасында.

"Бөгде затты алып тастау" әдісі бойынша шұғыл лапароскопия отасы жасалған. Операция кезінде ұзындығы 4 сантиметр және диаметрі 2 миллиметр ұзын жіңішке ағаш таяқша (тіс шұқығыш) алынған. Сәтті жүргізілген операциядан кейін науқас есін жиып, бірнеше күн бұрын қазы жегенін айтқан. Ол етпен бірге тіс шұқығыштың өңешке түскенін байқамаған болуы керек.

Қыс мезгілі соғымның кезі болғандықтан, дәрігерлер ет жеген кезде өте сақ болу керек екенін ескертеді. Сондай-ақ, ауырсыну белгілері бар болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну маңызды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!