Таразда ер адам автобусты мас күйде айдаған

Жамбыл облысында полицейлер автобусты мас күйде басқарған жүргізушіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 қаңтарда Тараз қаласының көшелерінің бірінде маршруттық автобус жүргізушісінің күмәнді әрекеті патрульдік полиция қызметкерлерінің назарын аудартты.

Тексеру кезінде 47 жастағы жүргізушіден алкоголь иісі шығып тұрған. Полицейлер оның мас күйінде болуы мүмкін деп күдіктеніп, медициналық сараптамаға жіберді. Медициналық тексеру автобус жүргізушісінің орташа деңгейде мас күйінде болғанын растады. 

Жиналған материалдар сотқа жіберіліп, автобус арнайы айып тұрағына қойылды. Жолаушылардың өміріне қауіп төндірген жүргізуші әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

Еске салайық, Жамбыл облысында полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалы жүргізушілерінің 853 жол ережесін бұзу дерегін анықтады. Оның ішінде 11 жүргізуші автобусты мас күйінде басқарған. Барлығы 69 жолаушы көлігі айып тұрағына қойылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!