- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таразда «Болашағымыз –...
Таразда «Болашағымыз – бірлікте» атты патриоттық форум өтті
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тараз-Арена» спорт сарайында өткізілген «Болашағымыз – бірлікте» атты патриоттық форумға ардагерлер мен зиялы қауым, өзге ұлт өкілдері, жүрегі отаншыл сезімге толы жастар, қала тұрғындары қатысты, - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көрмеге қойылған әрбір жәдігер, құнды мұралар – 25 жылда қол жеткізген басты жетістіктер екенін үнсіз ұқтырып тұрғандай. Ал әсем безендірілген спорт сарайының көрермендер залы, отаншылдық рухты оятатын музыка ырғағы әр адамның жүрегін жылытып, көңілін асқақтата түсті. Осы бір көңіл-күйдің әсері болар, көпшіліктің ұйымдастырушыларға деген ризашылығы риясыз еді. Форум қатысушыларын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзін үлкен тебіреніспен бастады.
– Қадірлі жамбылдықтар! Санаулы күндерден соң, біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаймыз. Осынау аса қастерлі, мәні мен маңызы зор мерекемен баршаларыңызды құттықтаймын. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, «Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі еш уақытта тәуелсіздік жылдарындағыдай өркендеген емес. Бұл күнде Тәуелсіз Қазақстан – ең беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі. Әлемдегі ең үздік 50 елдің қатарындамыз. Ел экономикасының даму деңгейі өте жоғары.
Тәуелсіздік – Ұлы жол. Осы тәуелсіздік жылдарында, қысқа мерзімде Арқа төсінде арайлы Астанамыз бой көтерді. Бұл – зор жетістік. Осының барлығы Ұлт Көшбасшысы, Елбасының ерен еңбегінің арқасы. Біздер алдымызға мақсат қойып, «Мәңгілік Ел» болуға бет алдық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – ұлт мақтанышы. Біз Тұңғыш Президентімізбен мақтанамыз. Біз батырларымызбен, еліміздің қол жеткізген толағай табыстарымен мақтанамыз. Біздің тірегіміз – Қазақстан, тілегіміз – тыныштық! Алға, Қазақстан! – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Форумда Кенен Әзірбаевтың «Туған жері», Алтынбек Қоразбаевтың «Ой, жайлауы» шырқалып, тебіренген көңілді ән бесігінде тербетті.
Елінің дамуына ерен еңбегімен үлес қосып жүрген патриоттардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұқаш Ескендіров те форумда сөз сөйлеп, біздің өңір химия өндірісінің отаны, фосфор – қазақстандық бренд екенін тілге тиек етті. Әлемге танылған елімізге бақ-береке, ел болашағы жалынды жастарға сәттілік тіледі.
Бұл нағыз өз елінің патриоттарының басын қосқан форум болды. Жиында елжанды спортшы, дзюдо күресінен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің спортшылары Олимпиадалардан 69 медаль олжалағанын, оның 19-ы алтын медаль екенін мақтанышпен жеткізді. Осындай адамдары жайсаң, жайдары халықтың ұлы болғанын, көреген Президенті бар елде туылғанын мақтаныш санайтынын айтты. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының жанындағы аналар кеңесі төрайымының орынбасары Сара Даузова, «Днепро» украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Клименко Қазақстан жастарының Тәуелсіздіктің рухымен тәрбиеленіп жатқанын, барша ұлт өкілдерінің жұмысын үйлестіретін Ассамблея татулықтың ордасы екендігін сөз етті.
Жалынды жастардың атынан сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1-курс студенті Карина Карташова берекелі де мерекелі елде қызыққа толы жалынды шақтарды өткеріп жатқанын, Елбасының жастарға жасап отырған қамқорлығын айқын сезінетінін айтып, «Ұлтым бөлек болса да, жалғыз ғана Отаным – Қазақстан!» деді. Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Әлібек Мұратбаев ел Президентіне жамбылдық жастар атынан шынайы алғысын білдіріп, ел дамуына өзінің де үлес қосатынын жеткізді.
Форумда рухты көтеретін ән мен жыр әуеледі. Эстрада жұлдызы Камшат Жолдыбаева шырқаған ән көңілдерді асқақтатса, «Алатау» халықтық аспаптар ансамблінің әндері көңіл-күйін шарықтатты. «Ақ кербез» бишілер тобының би композициясына да көпшілік ризашылықпен қол соқты. Жеке орындаудағы әндер де жүректерге жетіп жатты.
Форум соңында жүздеген көрермен патриоттық ән шырқаған өнерпаздарға үлкен құрмет көрсетті. Осы сәтте әр жүректе отаншылдық сезімі асқақтап тұрды.