Таразда бесінші сәбиін босанған ана қанға түскен қауіпті инфекциядан қайтыс болды. Облыстық перинетал орталықта ота арқылы босанған әйелдің екі күннен кейін қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған. Тексере келе, оның қанында сепсис болғаны анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Он күннен астам ес-түссіз жатқан келіншек жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Перзентханаға "өз аяғымен келіп, ауру тапты" деген марқұмның туыстары, дәрігерлер отаны "салғырт жасаған" деп отыр. Олардың айтуынша, айы-күні жетіп тұрған әйелге ота жасауға ақша талап еткен көрінеді. Марқұмның туыстары науқастың денсаулығын ойламай, қаражат талап еткен перзентхана ұжымы "тиісті жазасын алсын" дейді.
"Бұл жерден басқа жаққа мені тез алып кетші, үш күн сусыз жатырмын. Алып кетші, өлетін болдым".
Бұл - Ұлбосын Қарасаеваның бір күн бұрын жолдасына жазып кеткен хаты. Облыстық перенитал орталықтың маңын торуылдап жүргеніне бір ай болған марқұмның туыстары соңғы сәтке дейін оның өмірден үмітін үзбегенін айтады. Олардың айтуынша, жүкті әйелді перзентханаға алдын ала алып келгенде, дәрігерлер өз күшімен босанады деп, оны үйіне қайтарып жіберіпті. Алайда айы-күні жетіп, жүктіліктің 40 аптасынан асқан кезде дәрігерлер баланың "салмағы үлкен" деп, ота жасауға бағыттаған.
"Төрт бала туған әйелді жамбас сүйегі тар деп, кесір тілігін жасауға алып кетті, алып кеткенше ақша сұраған, 30 мың сұраған. Ота жасамай отырған, осы жерде, дәрігерлер. 30 мың ақша сұрағаннан кейін бізге хабарласып жылады ғой. "Жасамай жатыр, ақша сұрап жатыр" деп. Содан өзінде ақша болған, оны бергеннен кейін кесір тілігін жасауға алып кетіп отыр", - дейді әйелдің туысы Дина Есеева.
Марқұмның жақындары дені сау әйелге қауіпті кесел "перзентханадан жұқты" деп отыр. Олар дүние есігін ашқан нәрестенің денсаулығы жақсы екенін айтады. Егер әйелдің жатырында қауіпті инфекция бұрыннан бар болса, сау бала босанбайтын еді дейді.
"Өз аяғымен алып келдім, көлігімммен алып келіп кіргіздім, Жағдайы жақсы еді. Оған дейін төртеуін өзіміздің перзентханада өзі босанған. Бесіншісін кесір тілігіне жіберіп, осындай жағдайға түсті", - дейді марқұмның күйеуі Елдос Есеев.
Қайғыдан қара жамылған отбасы өз ісіне салғырт қараған медицина қызметкерлері "тиісті жазасын алсын" дейді. Ал облыстық денсаулық басқармасының мамандары ана өліміне қатысты істі тексеру үшін жұмыс тобы құрылғанын айтады.
"Медицина және фармацевтиканы бақылау комитеті тарапынан тексеру жүргізіледі және Жамбыл облысы әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қызметтік тергеп-тексеру жүргізу үшін жұмыс тобы құрылады. Ана өлімінің себебі туралы түпкілікті қорытынды сот-медицина сараптамасының нәтижелері алынғаннан кейін белгілі болады", - деді Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айжан Терлікбаева.
37 жастағы әйелдің артында бес баласы қалды. Мұндай қайғылы оқиға биыл облыстық перенатал орталықта екінші мәрте тіркеліп отыр. Еске салайық, жыл басында осы орталықта босанған Салтанат Нышанбаева қанға түскен инфекциядан қаза болды. Қазір бұл дерек бойынша басталған тергеу әлі жүріп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz