21 қарашада Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Тараз қаласында халықаралық ASPARA FASHION DAY 2026 / THE CODE OF HERITAGE сән көрсетілімі өтеді. Мәдениет, сән және дизайн салаларын біріктіретін ауқымды іс-шараға алты елдің дизайнерлері қатысады, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігі.
Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей өкілдері өздерінің авторлық сән топтамаларын көпшілік назарына ұсынады. Сонымен қатар ASPARA Модельдік өнер және бизнес колледжінің студенттері кәсіби дизайнерлермен бір сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық ізденістері мен авторлық жұмыстарын таныстырады.
Биылғы іс-шараның негізгі тақырыбы – «THE CODE OF HERITAGE» (Мұра коды). Бұл тұжырымдама ұлттық мәдени мұраны заманауи сән және дизайн арқылы жаңғыртуға, дәстүрлі өнердің жаңа мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталған.

Әкімдік хабарлағандай, бағдарлама аясында халықаралық дизайнерлердің сән топтамаларының көрсетілімімен қатар, мәдени мұра, сән, дизайн және креативті индустрия мәселелеріне арналған халықаралық конференция, ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі және концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз қаласында өтетін халықаралық шара тарихи-мәдени сабақтастықты заманауи шығармашылық бағыттармен ұштастырып, Орталық Азия елдері мен өзге де мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
ASPARA FASHION DAY 2026 халықаралық шығармашылық тәжірибе алмасуға, жас дизайнерлерді қолдауға және ұлттық өнер мен қолөнерді халықаралық деңгейде танытуға бағытталған мәдени алаң болмақ.
Жамбыл облысы әкімдігі ұсынған материал
О. Сансызбай